Оқиға негізінен 2021 жылы болған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Шымкентте кәмелетке толмаған 2 балаға қатысты зорлық жасаған ер адамның үстінен іс қозғалып отыр.
Жәбірленушілердің бірінің анасы оқиғаның 2021 жылы өзі перзентханада жатқан кезде тіркелгенін айтады. Әйел 9 жастағы ұлын туыстарына қарауға қалдыруға мәжбүр болған.
Осыны пайдаланған ер адам 3 күн бойы балаға қатысты зорлық әрекеттерін жасағаны анықталды. Кейін сол кезеңде қаскөй тағы бір әпкесінің ұлына 5 күн бойы осындай жымысқы ойын жүзеге асырған.
Бүгінде отбасылар құқық қорғау органдарына ресми түрде арызданған. Шымкент қалалық полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын растады.
– Қала тұрғынының кәмелетке толмаған ұлына қатысты зорлық әрекеттері туралы арызы негізінде қылмыстық іс тіркелді. Өтінішке сәйкес, оқиға 2021 жылы болған. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында қажетті барлық тергеу және процессуалдық әрекет жүргізілуде.
Тергеу барысында куәлар мен іске қатысы бар басқа да тұлғалардан жауап алынып, қолда бар материалдар зерттелді.Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жалғасып жатыр. Оның қорытындысы бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады, – деп тергеу барысына қатысты түсініктеме берді құқық қорғау органдары.