Өткен жылы қаланың мамандандырылған ХҚКО-ларында 300 мыңнан астам көлік тіркеліп, 100 мыңнан астам жүргізуші куәлігі берілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Былтыр Шымкент қаласы бойынша мамандандырылған ХҚКО-лар 4 мыңнан астам жоғарғы сұранысқа ие мемлекеттік тіркеу нөмірлерін берді. Көлік иелері VIP-нөмірлер алу үшін 1 млрд 325 млн теңгеден астам қаражат жұмсаған. Ал, 2022 жылы шымкенттіктердің VIP-нөмірлерге жұмсаған қаражат көлемі 1 млрд 076 млн теңгеден асқан.
"2023 жылы 010, 020, 030, 040, 050, 060, 070, 077, 080, 090, 707 нөмірлері ең жылдам сатылды. Әр нөмірдің бағасы 57 АЕК-ті (2024 жылы 210 444 теңге) құрайды. VIP-нөмірлер қатарындағы әріптері бірдей ең қымбат сандар 001, 002, 003, 004, 005, 006, 007, 008, 009, 777 екенін атап өтеміз. Мұндай әрбір нөмір 285 АЕК (2024 жылы 1 052 220 теңге) тұрады", - деп түсіндірді "Азаматтарға арналған үкіметтің" Шымкент қаласы бойынша филиалының PR-менеджері Алтынай Татаева.