Шымкенттіктер жаппай доллар сатып алуда

1036

Бұған дейін жаңа мегаполис шетелдік валюта ең көп сатылатын өңірлер қатарына кіре қоймайтын.

Шымкенттіктер жаппай доллар сатып алуда

Ұлттық валютаны жақтаушылар қай облыста тұратыны анықталды. Бұл Ұлттық банктің есебінен мәлім болды.

Қаржылық реттеушінің мәліметінше, биылғы жыл басталғалы, нақтырақ айтқанда, 2019 жылғы қаңтар-сәуір айларының қорытындысы бойынша халық айырбастау бекеттерінде жалпы ауқымы 798,7 миллиард теңгені шетелдік валютаға ауыстырыпты.

Бірінші орында АҚШ валютасы тұр: қазақстандықтар доллар сатып алуға 365,3 миллиард теңге жұмсады.

Екінші тұғырға Ресей рублі көтерілді: айырбастау пункттері солтүстік көршінің ақшасын 183,4 миллиард теңгеге өткізген.

"Үштікті" ұжымдықты еуропалық одақ тұйықтайды: еуроны отандастарымыз 105,2 миллиард теңгеге сатты.

Төртінші орындағы Қытай валютасы юаньның үлесі – небары 264,1 миллион теңге ғана.

Құрама штаттардың валютасын дәстүрлі түрде Алматы тұрғындары көп алады. Өткен төрт айда алматылықтар 148,2 миллиард теңгесін осы мақсатқа жұмсады.

Күтпеген жерден екінші орынға Шымкент қаласы шықты: жыл басталғалы долларды жаппай сатып ала бастаған мегаполис тұрғындары қазірдің өзінде оған кеткен шығындарын 51,4 миллиард теңгеге жеткізіп үлгерді. 

Ал онымен көрші Түркістан облысында долларға деген сұраныстың еліміздегі ең төменгі көрсеткіші тіркелді: 1,2 миллиард теңге айырбасталған.

Еуро сатып алу бойынша да Алматы қаласы көш бастады: жалпы көлемі 58,2 миллиард теңгеге еуропалық одақ валютасына қол жеткізген. Екінші орында Нұр-Сұлтан тұр: 10,7 миллиард теңгені еуро алуға бағыттаған.

Еуровалюта бойынша қызығушылығы аз өңір – тағы да Түркістан облысы болды: жергілікті тұрғындар еуро сатып алуға 89,7 млн теңгені ғана қиыпты. Тиісінше, теңгенің жақтастары да осы өңірде деуге болады.

Санкция қыспағындағы Ресей валютасына Қостанай жұртшылығы ең көп сенім артады: олар рубльді 20,6 миллиард теңге көлемінде сатып алыпты. Одан кейін Шығыс Қазақстан облысы келе жатыр: олар айырбастау бекеттері арқылы көршіден 27,7 миллиард теңгеге рубль алғызған.  

Рубльге селқостық танытқандар – жамбылдықтар болып шықты: бұл өңірде 4 ай ішінде 940 миллион теңгеге ғана сатылды.

ҚХР ақшасы шың елімен іргелес жатқан Алматы қаласында (205 миллион теңге) және Алматы облысында (27,7 миллион теңге) қомақты тапсырысқа ие болды. Ал Ақмола облысы юаньды бар-жоғы 2,8 миллион теңгеге алып, қытай ақшасына өз облыстарында үлкен сұраныстан үміт етпеуіне болатынын анық білдірді.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу