ҚР бойынша орта ғасырлық тарихи қалалардың ең көбі ОҚО-да. Бұл туралы облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Оңтүстік Қазақстан облысы қала құрылысы кеңесінің отырысында айтты, деп хабарлайды өңір әкімінің баспасөз қызметі.
Қазақстан Республикасы сәулетшілер одағының мүшелері мен қоғамдық пікір кеңесшілері және белгілі сәулетшілердің басы қосылған кеңес мүшелерінің жиынында "Ескі қалашық" мәдени орталығындағы "Арбат" жобасы, "Ордабасы" мемориалдық тарихи-мәдени кешенін абаттандыру мен үш бидің ескерткіші, "Флагшток" жобасы, "Қазығұрт - Кеме қалған" тарихи - мәдени кешенінің жобасы сынды 8 архитектуралық жобалар қаралды.
Мәжілісте кеңес мүшелері сәулетшілердің ұсынған Ордабасы тауында орнатылатын үш бидің ескерткішінің макетін, туристер келіп тамашалайтындай абаттандыру жұмыстары бойынша жобасын және Шымкенттегі ескі қала орнының аумағында археологиялық парк-музейі, ашық аспан астындағы музей құру жобасын, сонымен бірге Қазығұрт тауын тарихи-мәдени орталыққа айналдыру бағытындағы жобалары мен макетін қызу талқылап, өз ұсыныстарын білдірді.
Сонымен қоса, сәулетшілер Шымкент қаласы – 2020 жылы тәуелсіз мемлекеттер достастығының мәдени орталығы деген атаққа ие болғанын, сол жылы қаланың 2000 жылдық тарихы аталып өтілетін болады. Сонымен қатар, Шымкент "Жібек жолы" номинациясы бойынша әлемдік мәдени мұра тізіміне де ұсынылып отырғанын айтып, ескі қаланың құндылықтарын сақтай отырып, тарихымызды көрсете білуіміз керек деп өз сөздерін түйіндеді.
Айта кетейік, елбасының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласы аясында "Қасиетті Қазақстан" республикалық орталығына облыстан 104 нысан ұсынылды. Қазіргі таңда республика бойынша 100 нысан іріктелініп алынса, оның ішіне Оңтүстік Қазақстан облысынан 23 нысан еніп отыр. Қалған 81 тарихи-мәдени ескерткіштер жергілікті маңызы бар қасиетті, киелі жерлердің тізіміне енгізілген.