Нысан 20-дан астам демалыс аймағы орналасқан туристік жағалаудағы демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Жаңа станция Балқаш қаласынан 43 шақырым жерде орналасқан. Капсулалық үлгідегі кешен тәулік бойы кезекшілік атқаруға және іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізуге қажетті барлық құралдармен жабдықталған. Бөлімшенің қарауында жедел-құтқару автокөлігі, қайық, байланыс құралдары және арнайы жабдықтар бар. Жеке құрам үшін қызмет атқаруға және демалуға қолайлы жағдай жасалған.

Аумақта жағалау аумағын толық шолуға мүмкіндік беретін бақылау мұнарасы, жүзу құралдарының жедел шығуына арналған пирс, воркаут алаңы, беседка және мангал аймағы жабдықталған. Станция ішінде қажетті байланыс құралдарымен жабдықталған әкімшілік кабинет, ас үй, душ бөлмесі, санитарлық торап және демалыс бөлмесі орналасқан.
ТЖМ басшысының айтуынша, жаңа станцияның ашылуы төтенше жағдайларға ден қою уақытын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді. Бұған дейін жағалаудағы қауіпсіздікті Балқаш қаласындағы бөлімшелер қамтамасыз етіп келген, ал оқиға орнына жету уақыты 30 минуттан асатын. Бөлімшенің штат саны 12 адамды құрайды, кезекшілікке әр ауысымда үш құтқарушы түседі.

Салтанатты рәсім барысында Шыңғыс Әрінов үздік қызметкерлер мен жобаны іске асыруға қатысқан азаматтарды ведомстволық наградалармен марапаттап, жаңа станцияның символикалық кілтін және жедел-құтқару техникасының кілттерін табыс етті.
Іс-шара лентаны салтанатты түрде қию және жаңа нысанды аралаумен аяқталды. Одан кейін қонақтарға жаңа құтқару бөлімшесінің мүмкіндіктері көрсетілді.