Шырғанақтың тұрғындары әкімін қайтаруды сұрайды

1567

Шырғанақта шу шықты. Алматы облысы, Кеген ауданы, Шырғанақ ауылының халқы Мемлекет басшысы мен БАҚ өкілдеріне үндеу жолдап, қызметінен кеткен ауыл әкімін қайтаруды сұрады, деп хабарлады inbusiness.kz порталы. 

Шырғанақтың тұрғындары әкімін қайтаруды сұрайды

Тұрғындардың айтуынша 6 сәуір күні Кеген аудандық маслихат отырысында Шырғанақ ауылдық округіне жаңа əкім сайланған. Нәтижесінде бұған дейін ауылды басқарып келген Оразбай Бекбатыров қызметінен кетіп, орнына басқа адам тағайындалған. Бұған наразы болған ауыл тұрғындары Президентке дейін барамыз деп отыр. 

"Себебі – мәслихат сайламай қойған бұрынғы әкім ауылдың тумасы, округтың ыстығына күйіп, суығына төзіп, ауылды көркейтіп, өркендетем деп, тұрғындарымен бірге еңбек жасап жүрген азамат еді. Ал жаңа сайланған әкім өте жас. Оны сайлау ақылға қонбайтын, ойға сыймайтын, "бармақ басты, көз қысты", кімнің "көкесі" күшті деген аяқ асты ақылсыз қабылдаған шешім", - деп жазылған ауыл тұрғындарының үндеуінде. 

Әлеуметтік желіде видеоүндеу мен хат жолдаған тұрғындар БАҚ өкілдерінен де көмек сұрап отыр. Тұрғындардың айтуынша аудан әкімі мәслихатқа өзіне қолайлы адамдарды өткізген көрінеді.

"Мәслихаттағы 12 депутаттың 10-ы аудан басшылығына бағынышты мекеме басшылары. Кейбірі тіпті аудан жағдайынан мүлдем бейхабар, шаруаның жағдайын білмейді, балабақша мен мектеп қабырғасынан ары аспаған адамдар. Олардың бөлекше ойы, жеке көзқарасы жоқ. Аудан әкімі не айтса, соны орындайды. Себебі жалақысын ауданнан алып отыр. Ауыл ақсақалдар алқасы, Әйелдер алқасы, жастар барлығы аудан әкімі мен мәслихат шешіміне наразы", - дейді ауыл тумасы Мұрат Иманбеков. 

Әлеуметтік желіде наразылығын білдірген ол аудан басшысы өзіне қарсы келген ауыл әкімдерін, мекеме басшыларын бірден орындарынан алып, жаңадан "өз" адамдарын тағайындау саясатының жүріп жатқанын айтады.

"Кеген ауданы Райымбек ауданынан бөлініп шыға салысымен, ат аяғы екі жылға жетпей, он шақты ауыл әкімдері, мекеме басшылары орындарынан кетті", – дейді Мұрат Иманбеков.

БАҚ өкілдеріне жолдаған хатында ауыл тұрғындары: "Кегенде мәселе көп. Кез келген мәселе жоғарыға жетпей ың-шыңсыз жабылып қалады. Бізге қолдау білдірулеріңізді сұраймыз", – деп жазған.

Біз бұл мәселе бойынша облыс әкімдігі БАҚ-қа жауап берген болатын. Онда Шырғанақ ауылдық округі әкімінің сайлауы 2021 жылдың 5 сәуірінде өткені, оған кандидаттар Оразбай Бекбатыров, Жомарт Сейітқазыұлы, Ернар Сарыбаев және аудандық мәслихат депутаттары қатысқаны жазылған. 

"Сайлауға 12 депутаттан 10 депутат қатысты, 2 депутат себепті жағдайлармен қатыса алмады. Сайлаудың қорытындысы бойынша бюллетендер салынған сайлау жәшігі сайлау комиссиясы мүшелерімен, әкімге үміткер Оразбай Бекбатыровтың сенімді уәкілі (бақылаушы) Роза Батырханованың қатысуымен ашылып, бюллетендер саналып Шырғанақ ауылдық округінің әкіміне үміткер Оразбай Бекбатыровқа 3 депутат, Ернар Сарыбаевқа 7 депутат дауыс бергені анықталды. Сайлаудың қорытындысы бойынша Шырғанақ ауылдық округінің әкіміне Ернар Сарыбаев сайланды", – деп жазылған хабарламада. 

Шығанақ ауылында көтерілген мәселеге байланысты сол округтың тумасы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Рамазан Стамғазиев те пікір білдірді. "Округінің бұрыңғы әкімінің ауылға сіңірген еңбегіне көз жұмып қарай алмағандықтан желіде жазба қалдыруға тура келді" деген әнші экс-әкім ауылдың өркендеуі үшін тұрғындардың ғана емес, неше жыл бұрын көшіп кеткен азаматтардың да басын қосқанын айтады. 

"Бұл кез келген әкімнің қолынан келе бермейтін іс. Ауылдағы футбол алаңы, ардагерлер ескерткіші, жарамсыз қалған үйді пайдалана отырып жабық спорт кешенін салу, ауылдың тоқсан жылдық мерейтойын ұйымдастырды, кітап шығарды. Бұған үкіметтің қаржысын шығындамай, демеушілерді ұйымдастырды. Ендеше неге Алматы облысының әкімі, аудан әкімі, ауыл тұрғындары, ауылымыздан шыққан, ауыл үшін күйетін азаматты қолдамай отырсыздар? Сондықтан Оразбай Бекбатыровты Шырғанақ ауылдық округінің әкімі етіп қайта сайлауды ұсынамын", – деп жазды Рамазан Стамғазиев желідегі парақшасында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу