Қазақстанның шақыртуымен 4-6 сәуір аралығында ШЫҰ бас хатшысы Рашид Алимов Қазақстанға келіп, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің қауіпсіздік кеңестері хатшыларының 12-кездесуіне қатысады, деп хабарлайды inform.kz.
Қауіпсіздік кеңестері хатшыларының кездесуі – Астанада биыл 8-9 маусымда өтетін ШЫҰ Саммиті қарсаңындағы алғашқы маңызды шара. Кездесу барысында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің өкілдері ШЫҰ кеңістігінде, тұтас әлемде қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасады.
Кездесудің қорытындысы бойынша президенттің көмекшісі – ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Владимир Жұмақанов пен ШЫҰ бас хатшысы Рашид Алимовтың бірлескен баспасөз мәслихаты өтеді.
Сапар аясында бірқатар екіжақты кездесу жоспарланған. ШЫҰ бас хатшысы "ЭКСПО – 2017" көрмесіне ШЫҰ павильонын салу жұмысының барысымен танысады. Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы дипломатия институтының тыңдаушыларымен кездесіп, Назарбаев Университеті профессор, оқытушы және студенттерімен кездеседі.