Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Мұрат Мұқышев 2026 жылғы 15-18 қазанда Душанбе қаласында өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің ұлттық үйлестірушілері кеңесінің отырысына қатысты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Отырыс барысында қатысушылар ШЫҰ шеңберіндегі сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға қатысты мәселелердің кең ауқымын талқылады.
Атап айтқанда, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер үкіметтері басшылары (премьер-министрлері) кеңесінің (ҮБК) алдағы отырысына (19-20 қазан, Душанбе қ.) дайындық мәселелері қаралды. Көлік-транзиттік өзара іс-қимыл, қаржылық ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ Ұйымның қызметін жетілдіру мәселелері бойынша қорытынды құжаттардың жобаларына ерекше назар аударылды.
Отырыс нәтижесінде ұлттық үйлестірушілер Шанхай ынтымақтастық ұйымының мүше мемлекеттер арасындағы көпсалалы өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға бағытталған тетіктерінің тиімділігін арттыру жөнінде нақты шаралар қабылдауды жалғастыруға уағдаласты.
ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Ұлттық үйлестірушілері кеңесі Ұйымның ағымдағы қызметін үйлестіруді жүзеге асырады, сондай-ақ ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің тиісті министрліктері мен ведомстволары арасындағы өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді.