Бұл іс-шара ШЫҰ елдері СІМ басшыларының COVID-19 пандемиясы басталғаннан кейінгі алғашқы кездесуі болды, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Іс-шараның негізгі мақсаты – ШЫҰ-ға мүше Мемлекеттер басшылары кеңесі отырысының мазмұндық бөлігін дайындау. Атап айтқанда, ШЫҰ Саммитінің күн тәртібі мен бірқатар қорытынды құжаттарының жобалары қаралды және жалпы келісілді.
"ШЫҰ елдерінің сыртқы саяси ведомстволарының басшылары халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі ең өзекті мәселелер бойынша сындарлы пікір алмасып, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің жаңа коронавирус инфекцияның пандемиясы жағдайындағы ынтымақтастығын талқылады.
Министрлер қазіргі заманғы мемлекетаралық қатынастар жүйесінің ықпалды қатысушыларының бірі болып табылатын және аймақтағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтауға айтарлықтай үлес қосатын Ұйымының рөлі мен орнын одан әрі арттыруды келісті.
ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің диалог бойынша байқаушылар және әріптестермен өзара тиімді ынтымақтастығын дамытудың, сондай-ақ ШЫҰ-ның халықаралық және өңірлік ұйымдармен өзара іс-қимылын жолға қоюдың маңыздылығы атап өтілді", - делінген ҚР Сыртқы істер министрлігінің ақпаратында.
Шанхай ынтымақтастық ұйымы 2001 жылы құрылды. Ұйым мүшелері - Қазақстан, Үндістан, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан. ШЫҰ бақылаушылары: Ауғанстан, Беларусь, Иран және Моңғолия. ШЫҰ диалогы бойынша серіктестер: Армения, Әзербайжан, Камбоджа, Непал, Түркия және Шри-Ланка.