Си Цзиньпин АҚШ пен Қытай қақтығыстың салдары туралы мәлімдеді

823

Қос ел арасындағы сауда шиеленісі 2017 жылдың соңында АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамптың билігі тұсында өрши түсті. 

Си Цзиньпин АҚШ пен Қытай қақтығыстың салдары туралы мәлімдеді

Қытай мемлекетінің төрағасы Си Цзиньпин телефон арқылы АҚШ президенті Джо Байденмен сөйлескен кезде Қытай мен Америка Құрама Штаттарының арасындағы текетірес қос елдің өзара әрекеттесуіне кері әсерін тигізіп жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды Inbusiness.kz америкалық БАҚ-қа сілтеме жасап.

Ол әлемнің болашағы екі елдің қарым-қатынасына тәуелді екенін атап өтті. Си Цзиньпиннің айтуынша, АҚШ пен Қытай ең ірі дамыған және дамушы елдер болып саналады.

"АҚШ-тың Қытайға қатысты жүргізіп отырған саясаты Бейжің мен Вашингтон арасында елеулі қиындықтар туғызып отыр, бұл екі ел халықтарының түпкі мүдделеріне және әлемнің барлық елдерінің ортақ мүдделеріне сәйкес келмейді", – деді ҚХР Төрағасы.

Қос ел арасындағы сауда шиеленісі 2017 жылдың соңында АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамптың билігі тұсында өрши түсті. Қытайдан әкелінетін күн батареялары мен кір жуғыш машиналардың экспорттық тарифтерінен басталған дау технология мен қаржы саласына ұласып кетті.  

Бірақ шиеленіске қарамастан АҚШ пен Қытай арасында алыс-беріс көлемі өсуде. Америка Құрама Штаттарына Қытайдан экспорталатын тауар көлемі 2021 жылдың алғашқы жеті айында 36,9%-ға, ал импорт 50,4%-ға өсті. Қытайдың АҚШ-пен арадағы сауда балансының оң сальдосы 35,42 миллиард долларға дейін өсті.

Джо Байден жеті ай бұрын президент қызметіне кірісті, бірақ әлі күнге дейін оның әкімшілігі Қытайға қатысты сауда саясатының қалай жүргізілетінін шешкен жоқ.

Тамыздың басында АҚШ-тың кейбір корпорациялары бұл кідіріске наразылығын білдіріп, билікті Қытаймен арадағы келіссөздерді қайта бастауға және импорт тарифтерін төмендетуге үндеді. Кәсіпкерлердің пікірінше, Қытайға қатысты сауда саясатының бекітілмеуі Америка Құрама Штаттары экономикасының дамуына кедергі келтіріп отыр.

Табиғат Нұрболат
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу