Си Цзиньпин: Шекарадағы жаңа пункттер мен ортақ қауіпсіздік

624

14 қыркүйекте Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Нұр-Сұлтанға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен келеді. 

Си Цзиньпин: Шекарадағы жаңа пункттер мен ортақ қауіпсіздік

Си Цзиньпиннің "Казахстанская правда" газетінің сайтында жарияланған мақаласында алдағы сапар аясында ҚХР Төрағасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен екіжақты дамудың жаңа парадигмасын қалыптастыру үшін жаңа дәуірде Қытай-Қазақстан жан-жақты стратегиялық серіктестігін одан әрі алға жылжыту, екіжақты көпжоспарлы өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту мен оңтайландыру жолдарын талқылауға дайын екені айтылған.

Қытай төрағасы Қазақстанмен 30 жылдық дипломатиялық қатынастардың арқасында берік серіктестіктің жемісін көріп отырғанын жазады. Қолайсыз эпидемиологиялық жағдайға қарамастан, өткен жылы екі жақты тауар айналымы пандемияға дейінгі деңгейге оралып, 25 миллиард долларды құраған. Қазіргі уақытта Қытай мен Қазақстан тиімділігі жоғары және ыңғайлы мультимодальдық көлік артериясын құру бойынша белсенді жұмыс істеуде, алдағы уақытта жаңа жолдар ашылуы мүмкін.

"Біздің елдеріміз арасындағы барлық 5 автомобиль мен 2 темір жол бақылау-өткізу пункті бұрынғы режимде жұмыс істеуін қалпына келтірді. Тараптар жаңа теміржол өткізу пунктін ашу мүмкіндігін қарқынды талқылауда", – делінген Си Цзиньпин мақаласында.

Сонымен қатар Қытай Қазақстанмен қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге, бірлесе өңірдегі тұрақтылықты сақтауға дайын, деп мәлімдеді ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин.

"...біздің ортақ қауіпсіздігімізді берік қорғау маңызды. Халықаралық және аймақтық қиын жағдайда ынтымақтастықты қамтамасыз ету, оны тереңдету – дағдарысты еңсеру мен қауіпсіздік мәселелерін шешу құралы болды және болып қала береді", – деді Қытай басшысы сейсенбіде "Казахстанская правда" газетінде жарияланған авторлық мақалада.

Си Цзипинь Қытай Қазақстанмен құқық қорғау органдары, арнайы қызметтер және қорғаныс ведомстволары желісі бойынша ынтымақтастықты кеңейтуге, жаһандық қауіпсіздік жөніндегі бастаманы басшылыққа ала отырып, жалпы, кешенді, бірлескен және тұрақты қауіпсіздік тұжырымдамасын, Қытай мен Орталық Азия мемлекеттері арасындағы деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде өзара іс-қимыл жасау жөніндегі бастаманы іске асыруға, зұлымдықпен бірлесіп күресуге, есірткі айналымы және трансұлттық ұйымдасқан қылмыс, сыртқы араласу әрекеттеріне батыл қарсы тұруға, өңірде берік бейбітшілік пен ұзақ мерзімді тұрақтылықты бірге қамтамасыз етуге дайын екенін жеткізді.

Ол сондай-ақ халықаралық аренада ынтымақтастықты жан-жақты нығайтудың маңызды екенін атап өтті.

"Біздің елдеріміз БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК, "Қытай – Орталық Азия" сияқты көпжақты форматтар шеңберінде тығыз өзара іс-қимыл жасауға, халықаралық басқару, азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздік, өндіріс пен жеткізу тізбектерін тұрақтандыру, сондай-ақ өңірлік қауіпті нүктелерді реттеу мәселелері бойынша жедел пікір алмасуға, біржақты іс-қимылдар мен блоктық өзара іс-қимылға қарсы тұруға әзір болуға тиіс", – деді Қытай басшысы.

 

Динара Мұрат

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу