ҚХР төрағасы Си Цзиньпин мен Украина президенті Владимир Зеленский телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды inbusiness Zakon.kz-ке сілтеме жасап.
Тараптар екіжақты қарым-қатынастарды талқылап, Украинадағы дағдарыстық жағдайға қатысты пікір алмасты. Си Цзиньпин өз сөзінде Қытай Украинада атыс-шабыстың тезірек тыйылуына мүдделі екенін атап өтті.
"Қытай қысқа мерзім ішінде келіссөздер процесіне және атысты тоқтату шараларына батыл ат салысатын болады", деп телеарна Қытай көшбасшысының сөзін келтіреді.
Зеленский Twitter-де әңгіме "ұзақ және мағыналы болады" деп жазды.
"Бұл сөзталқы, Қытайда Украина елшісінің тағайындалғаны секілді, біздің екіжақты қарым-қатынастарымыздың дамуына күшті серпін береді деп санаймын".
Қытай теледидары Си Цзиньпин Зеленскийге Украинаға өз өкілін жіберетінін айтқанын хабарлады.
Бұл - өткен жылдың ақпан айынан бері екі ел көшбасшыларының алғашқы әңгімесі.