Сібір жарасы: бір ауыл тегіс карантинге жабылды

814

Тұтас елді мекен тұмшаланған тіршілікке енді.

Сібір жарасы: бір ауыл тегіс карантинге жабылды Фото: nur.kz

Жамбыл облысындағы Тамды ауылы 15 күнге карантинге жабылды. Өйткені маңайда сібір жарасы дендеп тұр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Ауылдың кіріп-шығар тұсына блок-бекеттер қойылған.  Елді мекеннен ет-сүт өнімдерін шығаруға толық тыйым салынды. Ветеринарлар мұндай қатаң қадамға баруға мәжбүр. Өйткені дертке шалдыққан 3 адам ауруханада жатыр. Олармен қатынаста болған  35 тұрғын тексерістен өтуде. Ауру анықталған үйлерден бас-аяғы 21 сынама алынған. Санитарлар сібір жарасы сойылған малдан шыққан дейді. Алайда ауру ошағын әлі таппай әлек. Қазір ірі қараның еті мен өзге де ауру анықталған малдың көзі арнайы пеш арқылы жойылды.

"Ауылда карантиндік жоспар жасалды. Ауылдын сүт, ет өнімдерін шығармауға тапсырма берілді. Барлық малдарға екпе жұмыстары жасалып жатыр, қой, ешкі , сиыр. Барлығына санитарлық жұмыстар жасалуда", - деді Тамды ауылының әкімі Рауан Асқаров.

Шап-шағын ауылда 35 мыңға жуық төрт-түлік бар. Карантиндік аумаққа өзге ауыл малын жақындатпау жөнінде жүктеме берілген. Тамды елді мекенінен бөлек, Көлтоған ауылында да бір тұрғын сібір жарасын жұқтырып отыр. Бірақ оның жағдайы бірқалыпты екен. Ал ветеринарлар карантиндік шарадан шошудың қажеті жоқ деп санайды.

"Бір ғана ауылдың төңірегінде болып отырған оқиға. Даурығатындай ештеңе жоқ. Бізде облысымызда 100 жылдан бері сақталып келе жатқан 189 Сібір жарасының ошағы бар. Олардың бәрі тұрақты, күнделікті қадағалануда. Жылына 2 рет сынамалар алынып, зертханаға өткізіледі", - деді Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Нұржас Құрмантаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу