Атбасар ауданында сібір жарасына байланысты 2 ауылға карантин енгізілді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Ақмола облысында Атбасар ауданындағы ауылдан 7 километр жерде жайылып жүрген екі ауылдың малдары жайылған. Соның бірінші кезегінде жетеуі, сосын үшеуі, жалпы он шақты мал сібір жарасын жұқтырды. Сол маңайда сібір жарасынан өлген малдың ошағы болған. Мал сол жерде жайылған. Жалпы он ауру мал анықталып, өртелді", – деді АШМ басшысы Үкіметте өткен брифингте.
Айдарбек Сапаровтың айтуынша, министрлік құқық қорғау органдарымен бірлесіп, мал баққан адамдарды анықтады.
"Дезинфекция жұмыстары жүргізіліп, мал баққан жер қоршауға алынды. Ол жерде 1 шілдеде карантин енгізілді. Екі күннен кейін екі ауылға да карантин қойдық. Жалпы сақтандыру жағдайы ескерілді", – деді Айдарбек Сапаров.