Талап арыз Жетісу облысының экологиялық прокуратурасының ұсынуы негізінде жүзеге асқан, деп жазады inbusiness.kz сайты.
ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің Жетісу облысы бойынша жер ресурстарын басқару департаменті Сарқан ауданындағы сібір жарасы жерленген аумақтарға жақын жерде кең таралған пайдалы қазбаларды өндірумен айналысқан жер пайдаланушыға қатысты сотқа талап арыз берген.
Талап арызда жалпы ауданы 14,6 гектар жер учаскесін жалға алу шартын жарамсыз деп тану, жер пайдаланушыдан бүлінген жерлерді жобалық негізде қалпына келтіруді қамтамасыз ету және уақытша өтеулі ұзақ мерзімді жер пайдалану құқығын тіркеуді жою туралы талаптар қойылған.
Жетісу облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты талап арызды толық қанағаттандырып отыр. Сот шешімімен Сібір жарасы жерленген аумақтарға жақын жерлер мемлекеттік жер қорына қайтарылды.
Мемлекеттік органдар жер ресурстарын ұтымды пайдалану мен табиғатты қорғау бағытындағы жұмыстарды жалғастырып жатқанын айтады.