Silk Way Series Astana: Жалпыкомандалық есепте Қазақстан екінші орын иеленді

792

Бүгін біздің спортшылар төрт медаль жеңіп алды. Кеше Артем Захаров "омниумнан" алтын алған еді.

Silk Way Series Astana: Жалпыкомандалық есепте Қазақстан екінші орын иеленді Фото: olympic.kz

Нұр-Сұлтанда велотректен Silk Way Series Astana халықаралық турнирінің бірінші кезеңі мәресіне жетті. Екі күн бойы елорда төрінде жарысқан спортшылар CL2 санатындағы рейтингілік турнирде ұпай жинауға тырысқан болатын. Бұл сын қазақстандық шабандоздар үшін сәтті өтуде, деп жазады Olympic.kz. 

Аталған турнирде жинаған ұпай спортшылардың әлем кубогі кезеңдеріне жолдама алуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Олимпиада ойындарына лицензия иеленер тұста да бұл жарыстың маңызы зор. Өз жеріміздегі дүбірлі сынға ұлттық құрама толық құраммен қатысты. Атап айтар болсақ, Павел Воржев, Артем Захаров, Максим Налетов және Әлішер Жұмақандар ел намысын қорғады. 

Бүгінгі жарыс күнінде Әлішер Жұмақан "скретчтен" топ жарса, осы қашықтықта Сұлтанмұрат Мірәлиев күміске қол созды. Павел Воржев "кейринде" үздік үштікке енді. "Кейрин" нағыз мықтылардың сыналар жері. Бұл бәсекеде көпшілік алтын жүлдені ұлыбританиялық спортшы, Олимпиаданың алты дүркін жеңімпазы Джейсон Кенни аларына сенімді болған. Алайда, әлем біріншілігінде үздіктер қатарына еніп жүрген ресейлік Павел Якушевский чемпионның алдын орап кетті. 

Топтық жарыста біздің команда мүшесі Асылхан Тұрарға тең келер ешкім болған жоқ. 

Осылайша, бүгін біздің спортшылар төрт медаль жеңіп алды. Кешегі жарыс күнінде Артем Захаров "омниумнан" алтын алғанын хабарлағанбыз. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан Қытайды алға жіберіп, екінші орын иеленді. 

18 мамыр күнің турнирдің екінші кезеңі басталады. Бұл кезеңде CL1 санаты бойынша ұпай таратылады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу