Қазақстандық Павел Воржев "кейриннен" алтын медаль жеңіп алды деп хабарлайды Olympic.kz.
Еліміздегі үздік спринтерлердің бірі Воржев қарсыластарына еш айла қалдырған жоқ. Ол алты дүркін Олимпиада чемпионы Джейсон Кеннидің өзін арта қалдырған.
Екінші орында әлем чемпионатының қола жүлдегері, ресейлік Павел Якушевский. Үшінші сатыға тағы бір ресейлік Александр Шарапов орналасты.
"Осы жарыста жүлде аламын деп өзімді қамшыладым. Өз жерімізде жеңіс тұғырынан көріну үлкен бақыт. Дәл қазір нағыз бабымдамын деп айта алмаймын. Дегенмен, кеше құлап қалғаныма қарамастан бәрі сәтті өтті. Үздік үштікке енетінімді сезгенмін. Бірақ жарыс мен ойлағаннан да нәтижелі болды. Әрбір турнирден соң қорытынды шығарып, қателіктермен жұмыс істейміз. CL2 санатындағы жарыста мәреге үшінші болып келдім. Үнемі үшінші, төртінші орында қала бермей, жеңіске жеткім келді. Бұл жарыстың деңгейі жоғары, ұпай да көп таратылады", - дейді Воржев.
Айта кетелік, CL1 санатындағы турнирде жеңіске жеткен спортшыға 200 ұпай беріледі. Бұл ұпайлар Олимпиада ойындары мен кубоктік кезеңдерге қатысу үшін қажет.