Жуырда Астанада басталатын SILK WAY STAR халықаралық вокалдық байқауында Қазақстан намысын жас әнші ALEM (Мәлік Батырхан) қорғайды.
– Бұл мен үшін үлкен жауапкершілік. Байқауларға қатыспағалы біраз болды, өйткені соңғы жылдары сахнада негізінен топпен өнер көрсетіп келемін. Сондықтан бұл ұсыныс түскенде, өзімді қаншалықты жақсы көрсете аламын деп көп ойландым. Дегенмен, қуана қабылдадым. Көк туымызды әлемдік аренада желбірету – үлкен мәртебе. Осы мүмкіндік үшін алғыс айтамын. Бар күшімді салып, жеңіске жетуге тырысамын, – деді Alem.
Әншінің айтуынша, жоба барысында әр эпизодтың тақырыбы өзгереді. Байқау ережесіне сәйкес, ол бұл туралы толық мәліметті алдын ала аша алмайды.
Байқаудың түсірілімдері 20 тамызда басталады. Ал финалдық кезең 22 қарашада "Jibek joly/Silk Way" телеарнасында және қатысушы елдердің басты телеарналарында көрсетіледі.
Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадио кешені мен Қытайдың CMG медиакорпорациясы бірлесіп ұйымдастырып отырған бұл байқауда Әзербайжан, Армения, Грузия, Малайзия, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Оңтүстік Кореядан барлығы 12 елдің өнерпаздары бақ сынайды.