Мұхтар Тілеуберді "С5+1" диалогының министрлік кездесуіне қатысты, деп хабарлайды СІМ баспасөз қызметі.
Диалогқа АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майкл Помпео, Қырғызстанның сыртқы саяси ведомствосының басшысы Чингиз Айдарбеков, Тәжікстанның елшісі Сироджиддин Мухриддин, Өзбекстан елшісі Абдулазиз Камилов және Түрікменстанның АҚШ-тағы елшісі Меред Оразов қатысты.
Тараптар сауда-инвестициялық байланыстарды кеңейту жолдарын, сондай-ақ интеграциялық үдерістер мен Орталық Азиядағы сын-қатерлерге ден қою жөніндегі бірлескен күш-жігерді талқылады.
Мұхтар Тілеуберді "С5+1" платформасы Орталық Азияда экономикалық өзара іс-қимылды ұлғайтудың және өңірдің транзиттік инфрақұрылымын дамытуға АҚШ ресурстарын тартудың, қоршаған ортаны сақтау жөніндегі жұмыстардың, сондай-ақ аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтудың тиімді құралы болып табылатынын атап өтті.
АҚШ мемлекеттік хатшысы М. Помпео Орталық Азия өзінің азаматтарын қақтығыс аймақтардан қайтару бойынша бүкіл әлем үшін үлгі болып табылатынын айтты. АҚШ Мемлекеттік хатшысы Орталық Азия елдерінің экономикалық әріптестігінің маңыздылығын атап өтіп, өңірдің АҚШ-пен инфрақұрылымдық даму саласындағы, оның ішінде АҚШ-тың халықаралық дамуды қаржыландыру бойынша құрылатын корпорация қаражаты арқылы ынтымақтастығының перспективаларын атап өтті.
Орталық Азия сыртқы саяси ведомстволарының басшылары мен АҚШ Мемлекеттік хатшысының орынбасары Дэвид Хэйлдің қатысуымен жоғары деңгейдегі соңғы кездесу осыдан бір ай бұрын Нұр-Сұлтан қаласында өтті.