СІМ мәліметінше, Непалда іздеу-құтқару жұмыстары 5 қазанда ресми түрде аяқталған. Қазір апаттан зардап шеккен аумақтарда қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Осы кезде табылған мәйіттер мен жеке заттардың кімге тиесілі екені анықталуда.
Ал Қытайдың ең көп зардап шеккен Гьиронг уезінде іздеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Қытай тарапы мәйіттерді сәйкестендіру және генетикалық сараптама жүргізу жұмыстарын да қолға алған.
Бұған дейін үш қазақстандық туристен хабар-ошарсыз кеткені туралы ақпарат тараған еді. Олардың екеуі Непалда, біреуі Қытайда болуы мүмкін деп болжанған.
Кейін Непалда болуы ықтимал азаматтардың бірімен байланыс орнатылды. Оның апат болған аумаққа барудан бас тартқаны анықталған. Қазір ол Қазақстанда.
Қалған екі қазақстандықтың қазіргі жүрген жері әзірге белгісіз. Олардың туыстары қажетті сәйкестендіру рәсімдерінен өтіп, Непал мен Қытайдың құзырлы органдары талап еткен тәртіппен ДНҚ сараптамасына биологиялық материал тапсырған.
Қазақстандық дипломаттар хабарсыз кеткен азаматтардың жақындарымен тұрақты байланыста болып, қажетті көмек көрсетіп жатыр.