Симптомсыз науқастардың 3 пайызы стационарға жатқызылды

1257

Амбулаториялық мекемелерге нұсқаулық таратылмақ.

Симптомсыз науқастардың 3 пайызы стационарға жатқызылды

Коронавирустың түрленіп өршуі симптомсыз науқастарға жүргізілетін бақылауды күшейту керектігін көрсетті. Бұдан былай елдегі барлық амбулаториялық мекемелерге арнайы нұсқаулық таратылмақ. Бұл туралы Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық басшысының орынбасары Махаббат Бекбосынова онлайн-брифингте айтты. 

"Кеше медициналық қызмет сапасы жөніндегі комиссияның бірлескен отырысы өтті. Осы жиында COVID-19 инфекциясы бар науқастарды амбулаториялық желіде емдеуге қатысты төрт маңызды құжат мақұлданды. Елдегі бүкіл амбулаториялық мекемелерге естелік нұсқау таратылатын болды. Бұл нұсқаулықта амбулаторияға келген науқастарға өзін-өзі оқшаулау, сырқаттың алғашқы белгілерін анықтау, өзге аурулардан айыра білу, мамандарға жүгіну тәртібі сияқты маңызды қадамдар түсінікті етіп жазылған. Сондай-ақ үйде оқшауланған науқасқа арналған чек-парақ әзірленді. Үйде жатқан науқаспен жедел топ мамандары бейнебайланыс арқылы сөйлесіп, күн сайын чек-парақты толтырып отырады. Бұл парақта дене қызуы, тыныс жиілігі, қан қысымы, демігу мен тыныс алу, жөтел, кеуденің ауырсынуы, дәм сезудің жоғалуы, жүрек айну, құсу, іш өту сияқты сырқат симптомдары тіркеліп отырады. 10 күн бойы осы жолмен чек-парақ толтырылады. Ал онымен жақын араласқан отбасы мүшелері де оқшауланады. Мұндай шара пневманияның белгілерін ерте байқап, симптомдардың ауырлауын дер кезінде анықтайды. Егер 10 күн ішінде осы екі белгі байқалса, жедел жәрдем науқасты стационарға жеткізеді. Ол жерде жіті емдеу басталады. Қазірдің өзінде жеңіл формалы және симптомсыз науқастардың есебін жүргізіп келеміз. 15 мың адам симптомсыз науқас деп бағаланды. 2000 адам жеңіл формалы науқасқа жатқызылды. Олардың шамамен үш пайызында сырқат белгілері асқынып, амбулаториядан стационарға ауыстырылды. Сонда қазір 12 мың науқас қашықтан бақыланып жатыр", – деді маман. 

Есжан Ботақара
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу