Жапонияның бұрынғы премьер-министрін өлтірген қылмыскер өмір бойына сотталды

1123

Нара қаласының округтік соты 45 жастағы Ямагамиді аса ауыр қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп таныды.   

Жапонияның бұрынғы премьер-министрін өлтірген қылмыскер өмір бойына сотталды Фото: newsx.com

Жапония соты 2022 жылы елдің бұрынғы премьер-министрі Синдзо Абэні өлтірген Тэцую Ямагамиді өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Ямагами кінәсін толық мойындады. Айыпталушы 2022 жылдың шілде айында қолдан жасалған тапаншамен Синдзо Абэге оқ атқан.

Прокуратура сотта өмір бойғы жаза тағайындауды талап етіп, бұл қылмысты "соғыстан кейінгі Жапония тарихындағы бұрын-соңды болмаған оқиға" деп бағалады.

Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, бұл қастандық қоғамға аса ауыр салдар әкелген. Ал қорғау тарапы Ямагамидің діни ұйыммен байланысты зорлық-зомбылықтың құрбаны болғанын айтып, оған 20 жылдан аспайтын жаза сұраған.

Kyodo агенттігінің мәліметінше, сот үкімін тыңдау үшін отырыс өткен ғимараттың алдына 700-ге жуық адам жиналған, ал залдағы 31 орын ғана жеребе арқылы бөлінген.

Айта кетейік, саяси қайраткер Синдзо Абэге қастандық 2022 жылғы 8 шілдеде, парламент сайлауына екі күн қалғанда жасалған. Ол Нара қаласында биліктегі Либералдық-демократиялық партияны қолдау митингінде сөз сөйлеп тұрған кезде шабуылға ұшырады. Шабуылдаушы екі рет оқ атып, саясаткер ауыр жарақат алды. Бірнеше сағаттан кейін Абэ ауруханада көз жұмды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу