Сингапур Қазақстанға 1,4 млрд доллардан астам инвестиция құйған

397

Қазір сингапурлық компаниялар 13 жобаны пысықтап жатыр. 

Сингапур Қазақстанға 1,4 млрд доллардан астам инвестиция құйған Фото: inbusiness.kz

Сенатта "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сингапур Республикасының Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы" заң мақұлданды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.

Келісімге 2018 жылғы 21 қарашада Сингапур қаласында қол қойылды. Құжаттың негізгі міндеті – инвесторлардың инвестициялық қызметті жүзеге асыруы кезінде олардың құқықтарының кепілдіктерін бекіту арқылы ынтымақтастық үшін құқықтық негіздер жасау.

"Аталған Келісім екіжақты тығыз экономикалық ынтымақтастық үшін, сондай-ақ, кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру және екі мемлекеттің де әл-ауқатын арттыру үшін қолайлы жағдайлар жасайды. Сингапурдың шетелдік инвестицияларды тартудағы тәжірибесі Қазақстанның іскерлік және инвестициялық ахуалын жақсарту үшін маңызды мәнге ие. Сингапурда инвестиция тарту үшін кең мүмкіндіктер жасалған. Атап айтқанда, шетелдік инвестициялар үшін ұлттық режим белгіленген. Шетелдік капиталды қолдану салаларында шектеулер қарастырылмаған. Жергілікті экономиканың барлық резиденттерінің (сингапурлық және шетелдік компаниялар) қызметі жекелеген салалық заңнамалық актілермен реттеледі", – деді Сенат депутат Жанна Асанова.

Сенатордың дерегінше, Сингапурдың еліміздің экономикасына құйған инвестицияларының жалпы көлемі 1,4 млрд доллардан асқан.

"Бүгінде, сингапурлық компаниялардың инвестициялық жобалар портфеліне 642,6 млн доллар тұратын 13 жоба кірді", – деп қосты ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу