Сингапурда есірткі қылмысына қатысты тағы үш адам өлім жазасына тартылды. Мұндай көрсеткіш елде соңғы 20 жылда алғаш рет тіркеліп отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Еуропалық Одақтың Сингапурдағы делегациясы бұл жағдайды қатты сынға алды.
Олар Норвегия, Швейцария және Ұлыбритания өкілдіктерімен бірлесіп, сотталғандар арасында екі сингапурлық пен бір малайзиялық азамат бар екенін хабарлады. Атап айтқанда, Малайзия азаматы Саминатан Селвараджуға қатысты үкім халықаралық алаңдаушылық туғызды.
Адам құқықтарын қорғаушы ұйымдар өлім жазасын қолдануды сынға алып, оның адам құқығы мен әділ сот принциптеріне қайшы келетінін алға тартты. Белсенділер Сингапурдағы міндетті түрде өлім жазасын қарастыратын заңдар қазіргі заман талабына сай емес деп есептейді.
Transformative Justice Collective атты жергілікті ұйым:
"Сингапур – есірткіге байланысты қатаң өлім жазасын әлі де қолданып отырған санаулы елдердің бірі", – деп мәлімдеді.
Ал Сингапур үкіметі бұл саясаттың негізсіз емес екенін алға тартады. Олардың пікірінше, осындай қатал шаралар есірткі саудасымен күресте маңызды рөл атқарады және қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Сингапур заңнамасы есірткіні тасымалдау, сату немесе пайдалану әрекеттерін ауыр қылмыс деп таниды. Белгіленген шектен асатын мөлшермен ұсталғандар – мысалы, 15 грамнан көп героин немесе 500 грамнан артық каннабис – өлім жазасына кесіледі.
2023 жылы жүргізілген зерттеулерге сүйенсек, сұралған азаматтардың шамамен 69 пайызы ауыр есірткі қылмысына қатысты өлім жазасын орынды деп санайды.