Сингапур билігі өз еркімен вакцина қабылдамаған азаматтардың емделуіне қаражат бөлмеу туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды inbusiness.kz елдің Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Олар COVID-19 дертіне шалдықса, ем-дом қабылдау үшін өздері ақша төлейтін болды. Осылайша, халық медициналық көмек алу үшін мыңдаған долларды өз қалтасынан шығармақ.
Емдеу курсының бағасы бұл елде шамамен 18,4 мың доллар. Егер жұқтырған адамдарға арналған оқшаулау орталығына жататын болса, тағы 3,3 мың төлеуге тура келеді.
Белгілі бір медициналық себептермен вакцина қабылдамағандарға бұл ереженің қатысы жоқ.
Билік қабылдаған шара 8 желтоқсаннан бастап күшіне енеді. Бірақ жыл соңына дейін кемінде екі компонентті вакцинаның бір дозасын алғандар тегін емделе алады. Ескере кететін жайт, осы күнге дейін Сингапур халқының 85%-ы екпе салдырған. Бұған дейін вакцинацияланбаған тұрғындарға дәмханалар мен сауда орталықтарына баруға тыйым салынған болатын.
Табиғат Нұрболат