Делегация құрамында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, "Астана" Халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов, "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев және "Kazakh Invest" ҰК" АҚ Төрағасы Мейіржан Юсупов болды.
Келіссөздер барысында елдеріміз арасындағы экономикалық ынтымақтастықты ілгерілетуге, сондай-ақ әлеуетті жобаларды іске асыруға қатысты кең ауқымды мәселелер талқыланды. Сингапурлық компаниялар қазақстандық нарыққа және Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктеріне үлкен қызығушылық танытты.
Қала мен қалалық инфрақұрылымды кешенді дамытуға маманданған "Surbana Jurong" мемлекеттік инжинирингтік компаниясының басшылығымен Алматы қаласының солтүстік шекарасында серіктес қалаларды салу және дамыту жөніндегі "G4 City" бірегей инфрақұрылымдық жобасы талқыланды. Оны іске асыру бойынша сингапурлық компания отандық "Caspian Group"-пен тығыз ынтымақтастық орнатқан.
Бүгін "Surbana Jurong" 30-дан астам елде амбициялы жобалардың мастер-жоспарларын әзірледі және бүкіл әлем бойынша 100-ден астам өнеркәсіптік парктер құрды. "G4 City" жобасы Сингапурдан ғана емес, өңірдің басқа мемлекеттерінен де ауқымды инвестициялар мен инновациялық технологиялық шешімдерді тартуға арналған.
Жаһандық жеткізілімдер мен өніммен қамтамасыз етудегі тұрақты іркілістерді қоса алғанда, пандемияның әлемдік экономикаға зардаптары тараптардың жаңа экономикалық мүмкіндіктерді, өткізу нарықтарын және экспорттық бағыттарды іздеуін ескере отырып, Қазақстан мен Сингапур арасындағы экономикалық ынтымақтастық үшін жаңа перспективалар ашқанын атап өткен жөн.
Осы тұрғыда "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ көлік тасымалдары саласындағы ірі жаһандық операторлардың бірі болып "PSA" (Port of Singapore Authority) компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Қазақстандағы көлік-логистикалық тораптарды басқаруға "PSA International"-ды тарту құрлықтың екі жағы бойынша теңіз порттарының тұтас желісіне қолжетімділікті кеңейтуге, мультимодальдық тасымалдауды пайдалана отырып, жаһандық көлік-логистикалық тізбекке интеграциялауға және құрғақ порттарды басқару саласындағы инновациялық технологиялар мен үздік әлемдік практикаларды енгізуге ықпал етуге, ең бастысы ҚР өнімінің экспортын әлемдік нарыққа шығаруға айтарлықтай жеңілдетуге бағытталған.
Цифрландыру, ақылды қалалар құру, түрлі мемлекеттік процестерге инновациялар енгізу, сондай-ақ Үкіметтің цифрлық трансформациясы мәселелері Премьер-министрдің офисі жанындағы Сингапурдың "Government Technology Agency of Singapore" технологиялық агенттігінің және "Crimson Logic" компаниясының басшылығымен кездесулер барысында талқыланған негізгі тақырыптар болды.