Синоптиктердің мәліметінше, түнде және таңертең еліміздің бірнеше облысында жауын-шашын күтіледі. Атап айтқанда, Ақмола, Абай, Ақтөбе, Павлодар, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Ұлытау, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында қар аралас жаңбыр мен қар жауып, жолдарда көктайғақ болуы ықтимал.
Осыған байланысты жүргізушілерге жолда сақтық шараларын күшейту ұсынылады. Жылдамдықты асырмай, көліктер арасындағы қауіпсіз арақашықтықты сақтау, сапар бағытын алдын ала жоспарлау қажет. Сондай-ақ аса қажеттілік болмаса, жолға шықпаған жөн.
Мамандар көлік дөңгелектерінің жағдайын да тексеруге кеңес береді. Әсіресе жазғы шиналармен жүрген жүргізушілер үшін көктайғақ кезінде көлікті басқару қиындап, жол-көлік оқиғасының қаупі артады.
Жол қызметтері тәулік бойы жұмыс істейді. Автожолдардың жағдайы мен ауа райына қатысты ақпаратты 1403 байланыс орталығынан алуға болады.
Жүргізушілерден жол қозғалысы ережелерін сақтап, қауіпсіздікке бейжай қарамау сұралады.