Синтетикалық есірткі шығарумен айналысқан шетел азаматы ұсталды

760

Оның жасырын зертханасынан жалпы құны 76 млн теңге есірткі тәркіленді.

Синтетикалық есірткі шығарумен айналысқан шетел азаматы ұсталды

Бұл туралы онлайн брифингте ІІМ Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Бақытжан Әмірханов мәлім етті. Оның сөзінше, жасырын зертхана иесі Қарағандыда құрықталған. 

"Шетел азаматы жеке тұрғын үйді жалға алып, халық арасында "жылдамдық" деп аталатын синтетикалық есірткі өндірісін жолға қойған. Бұл азамат ұсталды. Тұтқындау барысында одан 750 грамм дайын өнім тәркіленді. Ол есірткіні ірі партиямен сатуды жоспарлаған", – деді спикер. 

Бақытжан Әмірхановтың айтуынша, жасырын зертхананы тінту барысында 7 литр химиялық сұйықтық, есірткі өндірісіне қажетті құрал-жабдықтар табылған. 

"Бұл азамат Алматы қаласында тұрған. Кейін арнайы Қарағандыға келіп, жеке үйді жалға алып өндірісті жолға қойған. Қазір қылмысқа қатысы бар тағы екі тұлғаға қатысты жедел-тергеу амалдары жүріп жатыр. Ұсталған азамат қылмысын мойындады", – деді департамент басшысы. 

Бақытжан Әмірхановтың сөзінше, "қара" нарықта аталған есірткінің бір грамы 15 мың теңгеге бағаланады, ал тәркіленген заттың жалпы құны 76 млн теңге шамасында. 

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу