Синтетикалық есірткінің аса ірі партиясы тәркіленді

751

ШҚО полицейлері ҚР Ұлттық ұланының арнайы бөлімшелерін тарта отырып, елдің шығысына есірткі жеткізуге қатысы бар адамдардың қылмыстық әрекеттерінің жолын кесу бойынша арнайы операция өткізді.

Синтетикалық есірткінің аса ірі партиясы тәркіленді

Есірткінің аса ірі партиясын Өскеменге жеткізбек болған қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлайды inbusiness.kz ІІМ ақпараттық порталына сілтеме жасап.

 "3,5 мың бір реттік дозаға тең салмағы 1 келі жуық синтетикалық есірткінің аса ірі партиясын Өскемен қаласына әкелмек болған 35 жастағы алматылық ұсталды. Ұстау барысында автокөлікте онымен бірге жұбайы да отырған. Қаскөй әйелін күдікке ілінбес үшін өзімен бірге әдейі жолға алғаны мәлім болды", – деп жазады ақпарат көзі.

Қылмыстық топтың тағы бір мүшесі де көп ұзамай қолға түскен. Ұсталған 29 жастағы ер адамнан 2 мың дозаға тең 600 грамм синтетикалық есірткі тәркіленген.

"Есірткі арнасын жою бойынша арнайы операция Өскеменге арнайы келген Ақтөбе қаласының 24 жастағы тұрғынын ұстаумен аяқталды. Тінту барысында одан құрамында 0,5 келіден астам альфа-PVP психотроптық сұйықтығы бар 5 пластикалық ыдыс тәркіленді", – деп жазылған хабарламада.

Қабылданған шаралар нәтижесінде, облыс орталығында шамамен мөлшері 8 мың бір реттік есірткі дозасын жеткізудің арнасы жойылған. Оның "қара нарықтағы" құны шамамен 65 млн теңгеден асады.

"Қазіргі уақытта күдіктілердің үшеуі де қамауға алынды. Олардың әрекеттері ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігі бойынша сараланады, оның санкциясында 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген", – дейді полициядан.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу