Сирия базарында болған жарылыстан 7 адам қаза тапты

328

Сирияның солтүстігіндегі Аазаз қаласындағы орталық базарда бомба орнатылған көлік жарылып, кемінде 7 адам қаза тауып, бірнеше адам жарақат алды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Сирия базарында болған жарылыстан 7 адам қаза тапты Фото: bbc.com

Әлеуметтік желілерде жерде жатқан мәйіттер, бүлінген ғимараттар мен өртеніп жатқан көліктердің видеосы тарады. 

Түркия шекарасынан жеті шақырым жерде орналасқан шағын қалашықтағы бұл жарылыстың артында кім тұрғаны әзірге белгісіз. Жарылыс кезінде Рамазан айының аяқталуын білдіретін мереке қарсаңында базар адамға толы болды. 

"Ақ дулығалар" еріктілер ұйымының құтқарушылары қаза тапқандар арасында 2 бала бар екенін хабарлады.

Аазаз қаласы Сирия президенті Башар Асадқа қарсы соғысып жатқан түрікшіл жасақтардың бақылауында.

Түрік әскерлері мен олар қолдайтын күштер Сирияның түрік шекарасына жақын орналасқан аудандарын бақылайды.

Сирияның солтүстік-батысындағы шекаралық аймақтарға, соның ішінде халық тығыз орналасқан Аазазға мұндай жарылыстар жиі бол ып тұрады.

2016 жылдың қарашасында көтерілісшілердің Аазаздағы штаб-пәтері маңында бомба орнатылған көлік шабуылынан 25 адам көз жұмды. Қазан айында көтерілісшілер бақылау-өткізу пунктіне жасалған осындай шабуылда да 17 адам опат болған еді.

2017 жылы Аазазда қалалық сот ғимаратының жанында бомба орнатылған көлік жарылып, тағы 40-тан астам адам қаза тапқан болатын.  

Бұл шабуылды 2013 жылы қаланы басып алып, біраз уақыт ұстап тұрған "Ислам мемлекеті" (Қазақстанда тыйым салынған) тобы мойнына алды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу