Сирия бойынша келесі кездесу 2023 жылдың екінші жартысында өтеді

569

Кездесудің қай елде өтетіні әзірге белгісіз. 

Сирия бойынша келесі кездесу 2023 жылдың екінші жартысында өтеді Фото: inbusiness.kz

Астана форматында өткен Сирия бойынша ХХ халықаралық кездесудің қорытындысы бойынша Иран, Ресей және Түркия өкілдерінің бірлескен мәлімдемесі жарияланды. Тараптар Сирия бойынша келесі кездесуді 2023 жылдың 2-жартысында өткізуге келісті.

Кепілгер ел саналатын Иран, Ресей және Түркия делегацияларының өкілдері Сирия дағдарысын орнықты реттеуді дамытудағы "Астана процесінің" маңызды рөлін атап өтті.

"Екіншіден, Сирия Араб Республикасының егемендігіне, тәуелсіздігіне, бірлігі мен аумақтық тұтастығына, сондай-ақ БҰҰ Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарына өзінің өзгеріссіз берілгендігін растады және бұл қағидаттар жалпыға бірдей сақталуы мен құрметтелуіне жататынын атап өтті. Үшіншіден, 20 маусым күні Астанада өткен Ресей Федерациясы, Иран Ислам Республикасы, Сирия Араб Республикасы және Түркия Республикасы Сыртқы істер министрлерінің орынбасарларының консультацияларының сындарлы сипатын атады. Оның барысында Түркия мен Сирия арасындағы қатынастарды қалпына келтірудің жол картасын әзірлеу барысы талқыланды", - деді құжатты таныстырған Сыртқы істер министрінің орынбасары Қанат Тумыш.

Төртіншіден, терроризмге қарсы барлық нысандар мен көріністерде өзара іс-қимылды жалғастыруға және Сирияның егемендігі мен аумақтық тұтастығына нұқсан келтіруге бағытталған және көрші елдердің ұлттық қауіпсіздігіне, соның ішінде трансшекаралық шабуылдар мен инфильтрацияға қауіп төндіретін сепаратистік жоспарларға қарсы тұруға бел буды.

"Бесіншіден, Идлиб деэскалация аймағындағы жағдайды егжей-тегжей қарады. Оның айналасындағы жағдайды тұрақты қалпына келтіруді қамтамасыз етуде одан әрі күш салуға уағдаласты. Алтыншыдан, олар Сирия Араб Республикасының солтүстік-шығысындағы жағдайды талқылап, бұл аймақта тұрақты қауіпсіздік пен тұрақтылыққа қол жеткізу Сирияның егемендігі мен аумақтық тұтастығын сақтау негізінде ғана мүмкін екендігі туралы тоқтамға келді. Жетіншіден, Израильдің Сирияға, соның ішінде азаматтық нысандарға жалғасып жатқан әскери шабуылдарын айыптады. Мұны Сирияның халықаралық құқығын, халықаралық гуманитарлық құқығын, егемендігі мен аумақтық тұтастығын бұзу, бұл әрекеттерді аймақтағы шиеленістерді тұрақсыздандырады әрі күшейтеді деп таныды", - деп жалғастырды спикер.

Бұдан бөлек тараптар Сирия қақтығысының әскери шешімі жоқ екеніне сенім білдірді, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2254 қарарына сәйкес БҰҰ-ның көмегімен сириялықтардың өздері басқаратын және жүзеге асыратын ұзақ мерзімді саяси процесті ілгерілетуде адал екенін растады, делінген бірлескен мәлімдемеде.

"Қазақстан билігіне Сирия бойынша 20-шы халықаралық кездесуді Астанада "Астана форматында" өткізгендері үшін тараптар шын жүректен ризашылығын білдірді. 2023 жылдың екінші жартысында Сирия бойынша 21-ші халықаралық кездесу өткізуге келісті", - деп жазылған құжатта.

Айта кету керек, осыған дейін Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Сирия бойынша ХХ отырысты Астана процесі аясындағы соңғы шара деп жариялауды ұсынғанын жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу