Сириядағы дағдарысты тоқтатуға бағытталған Астана-процесінің кезекті отырысы белгіленді. Еліміздің сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Әнуар Жайнақовтың мәліметінше, келесі келіссөздер Елордада 4-ші және 5-ші шілдеде өтетін болады. Онда кепіл елдер Сириядағы қақтығыстарды тоқтатуға бағытталған бұған дейінгі процесстерде бекітілген келісімдердің орындалу барысы мен қазіргі ахуалды, сондай-ақ, Сириядағы қауіпсіздік аймақ көлемін ұлғайту жайын талқылайтын болады. Келіссөздердің өтетінін Біріккен ұлттар ұйымының Сиря мәселесі бойынша өкілі Стаффана де Мистурада растады. Айта кетейік, бұған дейінгі Астана келіссөздері мамыр айынының басында өткен болатын. Оған кепіл мемлекеттерден бөлек, Сирия оппозициясының, Біріккен Ұлттар ұйымының, сондай-ақ АҚШ пен Иордания елдерінің өкілдері де қатысқан болатын.
Әнуар Жайнақов, ҚР Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі:
"Кезекті келіссөздер барысында кепіл мемлекеттер: Ресей, Иран және Түркия өкілдері Сириядағы қауіпсіздік аймақ параметрлерін реттейтін құжатты талқылайды деп күтілуде. Сондай-ақ, гуманитарлық көмектің ешқандай кедергісіз жеткізілуі мен кейбір ғимараттардың инфрақұрылымдарын қайта қалыпқа келтіру тетіктерін пысықтайтын болады".