Сирия жаһандық қаржы жүйесіне қайта қосыла бастады

336

​Сирия халықаралық санкциялардың бір бөлігі алынып тасталғаннан кейін әлемдік қаржы жүйесіне қайта оралуға бағытталған алғашқы қадамдарын жасап жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.  

Сирия жаһандық қаржы жүйесіне қайта қосыла бастады Фото: SANA

Дамаскіде ел президенті Ахмед аш-Шараа қарапайым кофе үшін Visa картасымен төлем жасап, көп жылдан бері мүмкін болмаған халықаралық карталық операцияны көрсетті.

Төлемге Сирия Орталық банкінің басшысы Мохаммед Сафват Раслан да қатысты. Visa компаниясы Сирияда халықаралық карта арқылы жасалған алғашқы сынақ операциясының сәтті өткенін растады.

Транзакция Ливанның Fransabank банкі және Сирияның Paymera төлем операторының қатысуымен жүзеге асқан.

Компанияның мәліметінше, халықаралық карталық төлемдердің іске қосылуы шетелдіктерге Сирия аумағында банк карталарын пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл елдегі цифрлық төлемдерді дамытуға және Сирияның әлемдік экономикаға қайта интеграциялануына жол ашуы мүмкін. Бұл өзгерістер АҚШ-тың Сирияға қатысты саясатын жеңілдету аясында жүзеге асып отыр.

Вашингтон елді терроризмді қолдаушы мемлекеттер тізімінен шығарды. Енді америкалық қаржы ұйымдарына Сирия банктерімен операция жүргізуге және корреспонденттік байланыс орнатуға рұқсат берілді.

Сирия президенті ел санкциялардан кейін экономиканы қалпына келтіріп, Дамасктің халықаралық сауда мен Шығыс пен Батыс арасындағы экономикалық байланыстырушы орталық ретіндегі рөлін қайта жандандыруға ниетті екенін айтты.

Сонымен бірге Сирияның бұрынғы билігіне қатысты кейбір жеке санкциялар, адам құқықтарын бұзуға қатысы бар тұлғаларға және каптагон саудасына байланысты шектеулер әлі де сақталып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу