Сирияда 30-дан астам қазақстандық жүр – Абаев

183

Олар еліне неге қайтқысы келмейді?

Сирияда 30-дан астам қазақстандық жүр – Абаев Фото: ortcom.kz

Сириядағы лаңкестік топтардың құрамында 30-дан астам қазақстандық жүр. Бұл туралы Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Оның мәліметінше, 2019-2021 жылдары Қазақстан "Жусан" арнайы гуманитарлық операциясын өткізіп, нәтижесінде 607 азаматымыз, оның ішінде әйелдер мен кәмелетке толмаған балалар елге қайтарылды.

"Қазақстанның 74 азаматы өз күшімен Отанына оралды. Республикаға келгеннен кейін лаңкестік әрекеттерге қатысқаны немесе терроризмді насихаттағаны үшін 53 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды", – деді Абаев.

Қылмыстық іс қозғауға негіз табылмаған қалғандарына оңалту шаралары жүргізілді.

"Қазіргі уақытта 30-дан астам қазақстандық Сириядағы жекелеген топтардың құрамында жүр. Олардың көпшілігі туған жеріне қайтуға ниетті емес. Кейбіреулері Сирия азаматтығын алып, сонда тұрақты қалуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар Сириядағы күрд жасақтарының бақылауындағы "әл-Хол" және Родж лагерьлерінде 10-нан астам отандасымыз бар, олар да өз отанына қайтқысы келмейді", – деп толықтырды елші.

Бұл мәселе Қазақстанның арнайы қызметтерінің ерекше бақылауында, сондықтан Қазақстанға оралғандар деструктивті әрекеттерге барады деп алаңдауға негіз жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу