Сирияның Идлиб провинциясында Түркияның екі әскериі ажал құшып, алтауы түрлі деңгейде жарақат алыпты. Бұл туралы Түркияның Ұлттық қорғаныс министрлігі хабарлады.
"Сирия режимі біздің нысандарға шабуыл жасап, салдарынан осындай жағдай орын алды. Олар соққыны "Көктем қалқаны" операциясы жүргізіліп жатқан ауданға жасаған", – дейді ведомство өкілдері.
Шам елінің Идлиб провинциясындағы жағдай 27 ақпанда ушығып кеткен болатын. Ол кезде әуе соққысы салдарынан 30 шақты түрік сарбазы қаза тапқан болатын.
Идлиб – оппозиция бақылауында қалған Сириядағы жалғыз өңір. Ол жерде елдің түкпір-түкпірінен бас сауғалап қашқан 3,5 миллион босқын орналасқан. Олардың барлығы қазіргі билікке қарсы, Дамаск режимінде өмір сүргілері келмейді. Анкара сириялық оппозицияға қолдау көрсетсе, Ресей, керісінше, үкіметтік күштерге көмек беруде. Ал АҚШ Түркия үкіметін, яғни Ердоғанның саясатын қолдайды.
Табиғат Нұрболат