Сириядағы қақтығыс аймағынан 171 бала шығарылды

1068

"Жусан" арнайы гуманитарлық акциясының негізгі кезеңі аяқталды.

Сириядағы қақтығыс аймағынан 171 бала шығарылды Фото: newtimes.kz

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Жусан" арнайы гуманитарлық акциясы бойынша мәлімдеме жасады.

"Менің тапсырмам бойынша 28-31 мамырда "Жусан" арнайы гуманитарлық акциясының соңғы кезеңі табысты өтті. Сириядан отандастарымыздың кезекті тобы оралды. Қазақстанның мемлекеттік құрылымдарының жүйелі жұмыстарының және шетелдік серіктестермен тығыз ықпалдастықтың арқасында қақтығыс аймағынан 171 бала шығарылды", – делінген Мемлекет басшысыны мәлімдемесінде.

Енді олар оңалту шараларынан өтіп, барлық қажетті көмек алатын арнайы бейімдеу орталығына орналастырылды.

"Жусан" гуманитарлық операциясы – ауқымды акция. Бұл бастаманы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынды және былтырдан бері жүзеге асырылуда. Кешенді шаралар нәтижесінде қақтығыс аймағынан Отанымызға 357 бала қайтарылды. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету "Жусан" операциясының басты мақсаты болды", – делінген мәлімдемеде.

Президенттің пікірінше, "Жусан" гуманитарлық операциясының қорытындылары мемлекетіміздің өте күрделі міндеттерді тиімді шешуге қабілетті екенін көрсетті.

Мемлекет басшысы операцияға қатысқан арнайы қызмет өкілдерінің, дипломаттардың, әскерилердің бәріне тапсырылған жауапты миссияны абыроймен орындағаны үшін алғыс білдірді.  

"Елге оралған отандастар жаңа өмір бастауға, ал балалар бейбіт өмір сүруге мүмкіндік алды. Біз өз азаматтарымыздың құқықтары мен қауіпсіздігін алдағы уақытта да қорғайтын боламыз", – дейді Президент.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу