Қазақстан, Ресей және Өзбекстан елдерінің Сирия лагерлерінен табылған 40-тан астам азаматы Шешенстан астанасына жеткізіледі. Бұл туралы Шешенстан мемлекет басшысы Рамазан Қадыров әлеуметтік желіге жазды, деп хабарлайды sputniknews.kz.
"Сирия лагерлерінде шет жерлік 44 әйел мен бала табылды. Олардың тоғызы – Өзбекстан мен Қазақстан азаматтары", — деп жазды Қадыров әлеуметтік желіде.
Қалғандары Ресейдің әр өңірінің азаматтары екен. Арасында 10 Шешенстан азаматы бар.
"Өзбекстан мен Қазақстаннан шыққан әйелдер мен балалар туралы естігенімде, Зияд Мұхаммедовичке (Зияд Сасаби, Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка елдеріндегі өкіл) оларды алып шығу үшін барынша күш салуды тапсырдым", — деп хабарлады Шешенстан басшысы.
Қадыровтың сөзіне сүйенсек, 44 адам Грозныйға келесі аптаның басында жеткізіледі. Қазір ұйымдастыру мәселелері шешіліп жатыр.