Сирияда жаңа өтпелі парламент сайлауының алдын ала қорытындысы жарияланды. Оған сәйкес, заң шығарушы органға әйелдер мен діни азшылық өкілдерінің аз саны ғана өткен, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты BBC-ге сілтеме жасап.
Сирияда Башар Асад билігі құлатылғаннан кейінгі алғашқы сайлау өтті. Жаңа парламент елде тұрақты жаңа Конституция қабылданғанға дейін жұмыс істейді деп күтілуде.
Халық жиналысына тікелей емес дауыс беру нәтижесінде 210 депутат сайланады. Олардың ішінде 140 адамды сайлау алқалары таңдаса, қалған депутаттарды уақытша президент Ахмед аш-Шараа бекітеді.
Елдегі үш өңірде дауыс беру кейінге шегерілді. Демалыс күндері өткен дауыс беру кезінде 119 депутат сайланды. Парламенттегі 21 орын бос қалды. Қалған 70 депутатты Сирия басшысы осы аптада тағайындамақ.
Жаңа парламент құрамына алты әйел кірген. Бұған дейін жергілікті сайлау комиссиясы 1,5 мыңнан аса кандидаттың 14 пайызын әйелдер құрайтынын хабарлаған.
Діни және этникалық азшылықтардың 10 өкіліне депутаттық мандат берілді.
Сайлау комиссиясының өкілі Навар Неджменің сөзінше, 119 депутаттың 4 пайызы ғана – әйелдер. Ол бұл көрсеткіш әйелдердің қоғамдағы рөліне сәйкес емес деп отыр.