Сириядан барлық жағдайы жасалған жерасты туннельдері табылды

Ол Башар Асадтың інісі Махер Асадқа тиесілі болып шықты. 

Сириядан барлық жағдайы жасалған жерасты туннельдері табылды Фото: Anadolu Ajansı

Жазғы резиденцияның астындағы туннельде сейфтер мен брондалған бөлмелер де бар, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Anadolu-ға сілтеме жасап.

Сирия астанасы Дамаскіде биліктен қуылған Башар Асадтың інісі Сирия армиясының элиталық бөлімшесі 4-бронды транспортер дивизиясының қолбасшысы болды. Оның жазғы резиденциясы Дамаск-Бейрут тасжолының маңында орналасқан. Үш қабатты зәулім ғимарат биік қабырғалармен қоршалған әрі атшаптырым ауласында тікұшақ алаңы жасалған.

Резиденцияның бірінші қабатында автотұрақ пен конференция залы, ал жертөледе туннельдер желісіне апаратын брондалған есік бар. Ол арқылы 22 баспалдақпен түсіп, демалыс бөлмесіне кіруге мүмкіндік туындайды. Тағы 130 қадам төмендегеннен соң туннель желісіне тап боласыз.

Электр сымдары, желдеткіш, жатын бөлмелері, асхана және жуынатын бөлмелерімен жабдықталған туннельдер брондалған есікпен қорғалған. Негізгі туннельдегі кейбір бөлмеден бос сейфтер мен сәнді сағат сөрелері табылды. Туннельдерде әлі ашылмаған екі брондалған есік бар, олардың артында не жатқаны беймәлім.

Ұзындығы шамамен 3 шақырым болатын туннельдер желісі құлатылған режим армиясының 4-бронды транспортер дивизиясының бас штабына бастайды. Кешендегі күзетшілердің бірі Файз Мұхаммадтың сөзінше, Махер Асад ғимаратты кеңсе және демалыс орны ретінде пайдаланған көрінеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу