Сириядан Грозный қаласына жеткізілген қазақстандық әйел бала-шағасымен елге оралды. Бұл туралы Қазақстан сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметі жетекшісі Әнуар Жайнақов айтты, деп хабарлайды zakon.kz.
Бұдан бұрын 29 жастағы әйел төрт баласымен Сириядан құтқарылып, Шешенстанға жеткізілген болатын.
"Қазақстан азаматшасы кәмелеттік жасқа толмаған төрт баласымен Сириядан Ресейге эвакуацияланған болатын, Мәскеудегі елшілік дипломаттарының көмегімен өткен аптада Қазақстанға жеткізілді", — деп мәлімет берді Әнуар Жайнақов.
Қазақстандықтың ең үлкен ұлы бес жаста, кенжесі бірнеше айлық қана.
"Әйел адам Орал тұрғыны. Қазір қайда екенін білмеймін. Қазақстанға келді", — деп түсіндіріп өтті Жайнақов.
Айта кетелік, қараша айының ортасында Сириядан 40-тан астам әйел мен бала құтқарылып, Грозный қаласына жеткізілген болатын.