Сирияның Идлибінде қаза тапқан түрік әскерилерінің саны 33-ке жетті

799

Түркия жауап ретінде шабуыл жасады. 

Сирияның Идлибінде қаза тапқан түрік әскерилерінің саны 33-ке жетті

Сирияның Идлиб провинциясында жасалған әуе соққысы салдарынан қаза тапқан түрік әскерилерінің саны 33-ке жетті. Тағы да бірнеше кісі жарақат алыпты. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады. 

Бұған дейін Хатай деп аталатын түрік провинциясының губернаторы Рахми Доған 29 адамның ажал құшқанын мәлімдеген еді. Оның айтуынша, жарақат алғандардың денсаулығы қазір қалыпты жағдайда. 

Доғанның сөзінше, әуе соққысын Сирия режимінің әскери-әуе күштері жасапты. Әзірге оның мәлімдемесі ресми түрде расталмады. Сирия үкіметі де бұған қатысты мәлімдеме жасамады. 

Түркия президентінің аппараты жанындағы байланыс департаментінің басшысы Фахреттин Алтынның айтуынша, Идлибте шоғырланған түрік әскерилеріне жасалған шабуылдан кейін Түркияның әуе және құрлықтағы қарулы күштері Сирия режимінің бірнеше нысанына шабуылдапты. 

Қос елдің шекарасындағы операцияға қазір Түркияның қорғаныс министрі мен жоғары шенді офицерлері жетекшілік етіп жатқан көрінеді. 

Тағы бір жайт, Идлибтегі түрік әскерилерінің ажал құшуынан кейін ел президенті Реджеп Тайып Ердоған 6 сағат бойы қауіпсіздік бойынша шұғыл отырыс өткізіпті. 

Кей ақпарат құралдарынының дерегіне сенсек, қаза тапқандардың саны 33-тен де көп болуы мүмкін. Мысалы, сириялық белсенділер 34 адам адам опат болды деп хабарлап жатыр. 
Идлиб – оппозиция бақылауында қалған Сириядағы жалғыз өңір. Ол жерде елдің түкпір-түкпірінен бас сауғалап қашқан 3,5 миллион қашқын орналасқан. Бұл босқындар қазіргі билікке қарсы, Дамаск режимінде өмір сүргілері келмейді. 

Анкара сириялық оппозицияға қолдау көрсетсе, Ресей, керісінше, үкіметтік күштерге көмек беруде. Ал АҚШ Түркия үкіметін, яғни Ердоғанның саясатын қолдайды. 

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу