Мохаммед әл-Башир Сирияның премьер-министрі міндетін уақытша атқарушы болып үш ай мерзімге, яғни 2025 жылғы 1 наурызға дейін тағайындалды. Бұл туралы саясаткер кеше, сейсенбі күні телеарнада мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мухаммед әл-Башир Қазақстанда тыйым салынған, Дамаск қаласын басып алған "Хайят Тахрир аш-Шам" тобымен тығыз байланысты. Бұған дейін ол Идлибте орналасқан Құтқару үкіметін басқарған болатын.
"Министрлер кабинетінің отырысы өтті, оған Идлиб және оның айналасындағы аймақтарда жұмыс істеген Сирияның Құтқару үкіметінің жұмыс тобы, сондай-ақ бұрынғы режимнің Сирия үкіметі қатысты. Отырыстың басты назары институттарды тапсыруға және маңызды істерді басқаруға аударылды", – деп мәлімдеді әл-Башир өз үндеуінде.
Құтқару үкіметінің ресми сайтында жарияланған түйіндемесіне сәйкес, оның мамандығы – инженер, ағылшын тілі және шариғат заңдары саласында қосымша біліктілігі бар.
Айта кетейік, Сирия президенті Башар Асад елдегі азаматтық соғыстан соң Ресей астанасына келген.