Ауыл шаруашылығы министрлігі "Ірі қара мал етін Қазақстан аумағынан әкетудің кейбір мәселелері туралы" туралы бұйрық жобасын жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сыртқы сауда саясаты және Халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның 18 желтоқсандағы шешімі бұйрық жобасын әзірлеуге негіз болған.
"Бұйрық жобасында Қазақстан аумағынан 6 ай мерзімге ірі қара мал етін (Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің тауар номенклатурасының кодтары: 0201 – ірі қара мал еті, жаңа сойылған немесе салқындатылған және 0202 – ірі қара мал еті, мұздатылған) Қазақстан Республикасының аумағынан үшінші елдерге және Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне шығаруға сандық шектеулер (квоталар) енгізу көзделген", – делінген құжатта.
Бұл бастама елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту, сондай-ақ сиыр етіне бағаны тұрақтандыру мақсатында қабылданып отырғаны айтылған. Бұйрықтың қабылдануы теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарларға әкеп соқтырмайды.
Құжат "Ашық НҚА" порталында жарияланды. Бұйрық жобасын жария талқылау 24 желтоқсанға дейін жалғасады.