"СҚ-Фармация" 24 млрд теңгеге екі айға дәрі-дәрмек қорын жинақтауда

683

ҚР Премьер-министрі Нұр-Сұлтан қаласындағы "СҚ-Фармация" логистикалық хабына барды. 

"СҚ-Фармация" 24 млрд теңгеге екі айға дәрі-дәрмек қорын жинақтауда

Асқар Мамин COVID-19-дан емдеуге арналған дәрілердің бар-жоғымен және ҚР денсаулық сақтау мекемелерін медициналық дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралармен танысты. Бұл туралы үкімет басшысының баспасөз қызметі хабарлады.

Денсаулық сақтау министрі А. Цой мен "СҚ-Фармация" басқарма төрағасы Е. Есқалиев ауруханалар мен провизорлық орталықтарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін дәрілік препараттардың 91 атауы жеткізілетінін баяндады.

Өткен айда медициналық препараттар өңірлер бойынша 8,7 млрд теңгеге бөлінді. Ауруханалардың қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін жедел түрде қосымша дәрі-дәрмектер сатып алынды, емделушілер амбулаториялық деңгейде тегін ала алатын дәрі-дәрмектер тізімі кеңейтілді (парацетамол, ибупрофен, ривароксабан, дабигатран және апиксабан енгізілді).

COVID-19-дың екінші толқыны басталатын жағдай орын алса, компанияда 24 млрд теңге сомасына екі айлық дәрі-дәрмек қоры құрылуда, сондай-ақ карантин кезеңінде жекеменшік дәріханаларды нарық өз бетінше толықтыра алмайтын 19 тапшы дәрі-дәрмекпен жабдықтау мәселесі пысықталып жатыр. "СҚ-Фармация" оларды қалалар мен ауылдық елдімекендердегі әр дәріханаға дейін толық жеткізеді.

Үкімет басшысына компанияның логистикасын жақсарту шаралары туралы баяндалды: жоспарлы рейстер саны 1,7 есеге артты, тиеу мерзімі 2 аптадан 1 аптаға дейін қысқартылды, тауарларды хабтардан өңірлерге бөлу Cross-docking қағидаты бойынша жүзеге асырылады, ал қоймалардың жұмысы 24/7 режиміне көшірілді.

Премьер-министр өңірлерге дәрі-дәрмектердің тиелуін ерекше бақылауға алуды, күзгі-қысқы маусымда COVID-19-дан емдеу үшін барлық қажетті медициналық препараттардың болуын қамтамасыз етуді, дәрі-дәрмектерге қажеттілік артқан жағдайда шұғыл әрекет етуді, сондай-ақ бөлшек сауда секторын тапшы дәрі-дәрмекпен толықтыру бойынша тапсырманы орындауды қамтамасыз етуді тапсырды.

Медициналық өнімдер мен дәрілік препараттарды отандық өндірушілерді қолдау бойынша жүйелі шараларды қабылдау қажеттігіне ерекше назар аударылды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу