Бұл жолы вице-премьер қыс біткенше жылудан мәселе болмайды деп бақты. Егер уәдесін орындамаса жауапкершілікті энергетика министрімен теңдей көтеріп, жергілікті биліктің де жазаға тартылатынын айтты, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.
Былтыр қақаған қыста Екібастұз бен Риддердің жұрты жылусыз қалды. Содан сабақ алдық деген Үкімет биыл елдегі жылу желілері мен Жылу Электр Орталықтарын жаңғыртуға аз қаржы жұмсамады. Дегенмен 146,5 млрд теңге мәселені тұрақтандыруға жеткіліксіз болып шықты. Демалыс күндері Риддер, Екібастұз, Степногорск, Көкшетау мен Ақтау жылусыз қалды. Дайындықтың деңгейі осы. Ал Скляр тағы уәде беріп отыр.
"Мен кепілдік беремін. Бұқаралық ақпарат құралдарының қайғылы оқиға тағы қайталанды, коммуналдық саладағы күйреу деп жазғанын таңданыспен оқимын. Мен жауапты ретінде ондай ештеңе болған жоқ деп ашып айтамын. Сөз болған Екібастұз жылу электр орталығы толығымен жаңартылған. Станциядағы бір жабдық істен шыққанына қарамастан, қазандықтар санаулы сәтте жұмысқа қайта кірісті. Жұмыс тиімділігі де артты. Былтыр станция 35 гикокалория берсе, қазір 100 гикокалория береді. Сондықтан мен сенімді түрде айтып отырмын", - дейді ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр.
Сөзден сүрінбейтін Скляр Астанадағы ғимараттардың салқындығына қатысты да жауап берді.
Қақаған қыстан сенімді шығамыз деген Склярдың сөзін Сәтқалиев қуаттады. Ал демалыста болған жағдайлар апат емес жәй ғана техникалық ақаулар деп түсіндірді.
"Күн суытқанда станциялардағы қысымды арттырады. Жөндеуден кейінгі алғашқы ақаулар дәл осы кезде анықталады. Егер ол ақауларды белгіленген уақытта жойып, қайта жұмысқа кіріссе ол апатқа жатпайды. Сондықтан кешегі орын алған келеңсіздіктер техникалық ақаулар",- дейді ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.
Ал жыл сайын бір сценарий қайталана бере ме? Оған вице-премьер де министр де жауап бере алмады. Тек инфрақұрылымдық мәселені бір жылда шешу мүмкін емес деді. Дегенмен Үкімет 2029 жылға дейін мәселені оңтайландыруды межелеп отыр.