СҚО-да балабақша есепшісі 9,2 миллион теңгені жымқырғаны анықталды

806

Ол 3 жыл бойы педагогтардың ақысын жеп келген.

СҚО-да балабақша есепшісі 9,2 миллион теңгені жымқырғаны анықталды

Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданындағы "Айгөлек" балабақшасы есепшісінің 9,2 млн теңгені ұрлағаны белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаментінің мәліметінше, "Айгөлек" балабақшасында еңбекақының есептелуі, жалдау ақысының төленуі, бухгалтерлік есептің жүргізілуі және ата-аналардан түсетін жарнаның мақсатты жұмсалуы тексерілген. Тексеру кезінде көптеген былықтың беті ашылып отыр. Мәселен, тәрбиеші көмекшісінің еңбек өтілінің дұрыс есептелмеуінен – 344,4 мың теңге және еңбекақы коэффициентінің дұрыс қойылмауынан 73,7 мың теңге артық төленген.

Мамандардың айтуынша, бұдан бөлек балабақшаның есепшісі 9,2 млн теңгені қалтасына басыпты. Ол 3 жыл бойы педагогтардың ақысын жеп келген, алайда ол туралы ешкім ішкі аудит департаментіне шағымданбаған. Тек бір адамның ғана арыздануға батылы жетіпті. 

"Тайынша ауданындағы "Айгөлек" балабақшасының есепшісі  үш жыл бойы педагогтардың  ақшасын қалтасына басып келген. Заңға қайшы әрекеттер жасаған.  Еңбек, Салық, бюджет заңнамаларын бұзды. Салықтарды төлемеген, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына, тәрбиешілердің атына зейнетақы аударымдарын жасамаған. Жеке табыс салығын, кәсіподақ жарналарын да өз қалтасына салып отырған", – дейді СҚО бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары Зәуреш Қапарова.

Қаржы жымқыру деректері Айыртау ауданының білім бөлімінде де тіркелді. Мамандардың айтуынша, Саумалкөл мектеп-интернатының шатырын жөндеуге бөлінген ақшаның талан-таражға салынған. Сол іске қатысты материал қазір құқық қорғау органында жатыр. 

Ресми мәліметке сүйенсек, өңірде аудитрлік тексерістің қорытындысы бойынша 26 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу