Полиция қызметкерлері Қызылжар ауданының аумағында құжаттарын тексеру мақсатымен Тайынша ауданының 62 жастағы тұрғыны басқарып келе жатқан Mitsubishi Outlander автокөлігін тоқтатты. Жанында 41 жастағы ауылдасы отырған.
Алғашында ер адамдар оның сиыр еті екенін және Петропавлға сатуға апара жатқанын айтты. Бірақ Қызылжар ауданының полиция бөлімінен келіп жеткен жедел-тергеу тобының тәжірибелі қызметкерлеріне олардың сөздері күмәнді көрінді. Сырттай қарағанда еттің шын мәнінде жабайы аңның, яғни маралдың етіне ұқсайтыны анық байқалып тұрды.
Аталған факті ҚР ҚК-нің 337-бабы (Заңсыз аңшылық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелді. Күдіктілердің айтуларынша, ұрғашы маралды Тайынша ауданындағы Макашевка ауылынан 15 км жерде атып алған. Олардың бірінің тұрғылықты мекенжайынан еттің бір бөлігі мен Caesar Guerini мылтығы тәркіленді. Қару осы іске қатысы бар екінші адамға тіркелген, оның үйінен полицейлер етті мүшелеудің іздерін анықтады.
– Сондай-ақ күдіктілерден жауап алу барысында жануардың басын, терісін, тұяқтарын және ішіндегі тууға шақ қалған ұрықты лақтырып кеткен орын белгілі болды. Күдіктілер қамауға алынды. Айта кету қажет, қазіргі уақытта Солтүстік Қазақстан облысы аумағында қандай да бір аңшылыққа тыйым салынған. ҚР Қылмыстық кодексінің 337-бабының санкциясымен 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза көзделген, – дейді Қызылжар ауданы ПБ бастығы Әлихан Байқадамов.