СҚО-да кене шаққан 600-ден астам адам дәрігерге қаралды

167

 Қызылжар ауданынан бір жасөспірім кене энцефалитін жұқтырған.  

СҚО-да кене шаққан 600-ден астам адам дәрігерге қаралды Фото: news29.ru

Солтүстік Қазақстан облысында кенеден зардап шеккендер саны толастар емес. Десек те, өткен жылмен салыстырғанда кене энцефалитін жұқтырғандар аз, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

СҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, күн жылынғалы кене шаққан 617 адам медициналық көмекке жүгінген, олардың 148-і – бала. Қызылжар ауданынан бір жасөспірім кене энцефалитін жұқтырған.

Ауырғандар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бес есе аз.

Кене энцефалиті - орталық жүйке жүйесінің басым бөлігін зақымдайтын жіті инфекциялық ауру. Ауру салдарынан адам мүгедек болып, тіпті ажал құшуы мүмкін. Вирус адамға негізінен иксод кенелер шаққанда беріледі. Сонымен қатар мамандар қайнатылмаған сүт өнімдері арқылы да инфекция жұқтыру қаупі бар екенін ескертеді. Сондықтан сүтті міндетті түрде қайнатып пайдалану қажет.

Дәрігерлердің айтуынша, кенеден қорғанудың ең тиімді жолы - вакцина алу. Бұдан бөлек, табиғатқа шыққанда денені толық жабатын ашық түсті киім киіп, арнайы репелленттер қолданған жөн. Серуеннен кейін киім мен денені мұқият тексеру де маңызды.

"Егер кене теріге жабысып қалса, оны мүмкіндігінше тез әрі дұрыс алып тастау қажет. Мамандар кенені пинцетпен немесе жіппен абайлап шығарып, шаққан жерді антисептикпен өңдеуге кеңес береді. Кейін міндетті түрде медициналық мекемеге жүгіну керек. Қажет болған жағдайда алғашқы 72 сағат ішінде иммуноглобулин егіп, аурудың алдын алады", – дейді мамандар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу