СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, "Жезқазған-Петропавл" республикалық автожолының 840 шақырымында Николаевка елді мекенінен 5 шақырым жерде Chevrolet Nexia көлігі жолдан бұрылмақ болғанда ат жегілген шанаға соғылған. Ат-шананың қасында жаяу келе жатқан иесі 61 жасар ер адам қатты соққы алып, сол жерде көз жұмған.
Департаменттің дерегінше, Chevrolet Nexia көлігінің жүргізушісіне жасалған сараптама барысында оның көлік жүргізген кезде алкогольді ішімдік ішпегені анықталды.
25 желтоқсан күні СҚО Есіл ауданы аумағында болған. Аталған оқиға ҚР ҚК-нің 345-бабының 3-бөлігі (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) бойынша сотқа дейінгі тіркеуге алынды. Полицейлер оқиғаның себептерін анықтап жатыр.
Тексеру нәтижесі бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданбақ.