СҚО прокурорлары жол ережесін жиі бұзатын адамның "портретін" жасады

215

Өткен 4 айда 107 жол-көлік оқиғасы тіркелген.

СҚО прокурорлары жол ережесін жиі бұзатын адамның "портретін" жасады Фото: Мақсат Шағырбаев / Kazinform

Солтүстік Қазақстан облысында соңғы төрт айда 107 жол көлік оқиғасы тіркелді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 67 % жоғары, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде жол ережесін сақтауға қатысты баспасөз конференциясы өтті. СҚО прокуратураның сотқа дейінгі тергеп-тексеру және қылмыстық қудалаудың заңдылығын қадағалау басқармасының бастығы Саян Асқаров өңірдегі жағдайға тоқталды. Өткен 4 айда СҚО-да 107 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 168 адам зардап шеккен. Оның 155-і жарақаттанса, 14 адам, соның ішінде бір бала қайтыс болды.

"Өткен жылмен салыстырғанда апат саны да, зардап шеккендер мен мерт болғандар саны еселеп артқан. Мәселен былтыр осы аралықта 5 адам қайтыс болды. Жол-көлік оқиғаларының жартысы Петропавлға тиесілі, Қызылжар ауданында – 11, Тайынша ауданында 9 жол-көлік апаты тіркелген. Мерт болғандар саны Есіл ауданында көп, 6 жол-көлік оқиғасында 3 адам қаза тапты", - дейді Саян Асқаров.

Жол-көлік оқиғасының басты себебі – жолдағы мәдениеттің төмендігі, жылдамдық режимін сақтамау және жолдың қарсы бетіне шығып кету.

"Құқық бұзушының портретіне келер болсақ, негізінен ол ер адам, биыл жасалған жол-көлік оқиғаларының 87,8% немесе 94 жағдайда рульде ер адам отырған. 80 жүргізушінің жасы 50-ге толмаған. Құқық бұзушылардың 56-сы 31 мен 50 жас аралығында болған", - дейді Саян Асқаров.

Бірақ рульге мас күйде отыратындар мен жүргізуші куәлігі жоқтардың тарапынан жасалатын қылмыс саны азайған. Былтыр осындай 12 факті тіркелсе, биыл төртеуі анықталған.

Төрт айда полиция органдарының қарауында 50 қылмыстық іс болса, соның 36-сы биыл тіркелген. 10 іс сотқа жіберілді.

"Өткен жылдың желтоқсан айында Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда "TОYOTA CAMRY" автокөлігінің жүргізуші ауа райының қолайсыздығына қарамастан алдында кетіп бара жатқан үш көлікті басып озбақ болып, жолдың қарсы бетіне шыққан. Кейін рульге ие бола алмай қалып, аударылған. Салдарынан жолаушы аудандық ауруханада көз жұмды. Соттың үкімімен жүргізуші бір жылға бас бостандығынан айырылды және бес жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды", - дейді басқарма бастығы.

Жалпы өткен 4 айда СҚО-да кісі өлтіру қылмысына қарағанда жол-көлік оқиғаларынан 4,5 есе көп адам қаза тапты.

Бұған дейін СҚО-да кәсіпкерлер су тасқынынан болған шығынды есептеп, бағалата алмай жатқанын айтқан едік.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу